СҚО полицейлері төрт күнде 74 келі есірткі тәркіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталып, нәтижесінде заңсыз айналымнан 74 келі есірткі тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, акция барысында есірткі, психотропты заттар мен олардың прекурсорлары пайланылатын объектілер: ауруханалар, қоймалар, өндірістік кәсіпорындар тексерілді.

Облыстың екі медицина мекемесінде есірткі құралдарын сақтау ережесінің бұзылғандығы және оларды сақтауға арналған бөлмелердің талапқа сай еместігі анықталды. Есірткі және психотропты заттары бар 55 ампула алынды.

«Жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, бұзушылықтарды жою мақсатында материалдар жауапты инстацияларға тапсырылды. Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде күнделікті жұмыстың басты бағыттары күшейтілді. Жедел ақпаратты тексеру нәтижесінде 3 есірткі қылмысы анықталды», - деді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Аудан орталығы Мамлютканың 49 жастағы тұрғынының бақшасында және қора-қопсысында кептірілген марихуана жапырақтары, сондай-ақ аса ірі көлемде есірткі салынған қорап және пакеттер табылды. Жалпы салмағы 5 кг 300 грамм.

Ал Булаев қаласының 44 жастағы тұрғыны марихуана егумен айналысқан. Одан бақшасында өсірілген, жалпы салмағы 61 кг болатын 12 қап кептірілмеген марихуана алынды. ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Бұдан бөлек Петропавлда жедел уәкілдер өзімен бірге 5 грамнан артық «тұз» деген атпен кең таралған синтетикалық есірткі заты болған 31 жастағы астана тұрғынын ұстады. Күдіктінің айтуынша, наша оған жеке пайдалануға қажет болған. Қазір осы қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Мамандардың мәліметінше, жедел-профилактикалық іс-шара барысында 11 есірткі қылмысы анықталған, 74 келі 181 грамм түрлі есірткі алынды.

Соңғы жаңалықтар