СҚО полицейлері төрт күнде 32 мас жүргізушіні ұстады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24-27 маусым аралығында өңірде көлікті мас күйде басқару фактілерін болдырмау мақсатында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

27 маусым күні кешке Петропавлда Брусиловский және Гоголь көшелерінің қиылысында «Mitsubishi Galant» автомашинасын басқарған 52 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ер адамнан алкоголь иісі сезілген, тілі күрмеліп, сөйлей алмаған. Көлікте бір бөтелке спирттік ішімдік болған.

Медициналық куәландыру алкогольдік масаюды көрсетті.

2017 жылы қала тұрғыны мас күйде көлік басқарғаны үшін басқару құқығынан 3 жылға айырылған. Жазасының мерзімі өткенімен, ер адам жүргізуші куәлігін қайтаруға асықпаған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі «басқару құқығы жоқ тұлғаның көлік құралын мас күйде басқару» бойынша материал жиналды. Сот шешімімен қала тұрғынын 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

«Жедел-профилактикалық іс-шараның 4 күнінде облыс жолдарында 32 мас жүргізуші ұсталды. Бұндай жағдайдың әрқайсы – жол қозғалысына қатысушылар үшін аса қауіпті. Спирттік ішімдік ішіп, рөлге отырғаны үшін әкімшілік қамаудан бөлек, 7 жылға жүргізу құқығынан айыру көзделген», - деді СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Бұдан бөлек, полицейлер көлікті басқару құқығынсыз жүргізген 47 адамды жауапқа тартты. 169 жүргізуші жылдамдық режимін бұзған, 55-сі жаяу жүргіншілерге жол бермеген.

Жалпы жедел-профилактикалық іс-шара кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2 мыңға жуық дерегі анықталды.


Соңғы жаңалықтар