СҚО полицейлері соңғы 10 жылдағы ең ірі есірткі партиясын тәркіледі

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аса ірі мөлшердегі марихуана партиясын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары есірткі жеткізу арнасының жолын кесті.

Күдіктілерді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері құрықтады.

«Петропавл - Астана» автожолында тәртіп сақшылары «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүргізушісінен көлікті тоқтатуды талап етті.

Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабын елемей, жасырынбақ болды. Көп ұзамай жедел уәкілдер автокөлікті Аққайың ауданындағы Астраханка ауылының маңында тоқтатты.

Көлік ішінде 29 бен 30 жастағы екі петропавлдық болды. Жасы кішісі бұрын есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмысы үшін істі болған.


Жүксалғыштан өсімдік тектес зат салынған 5 қап тәркіленді. Сараптама оның жалпы салмағы 128 кг кептірілген марихуана екенін көрсетті. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.

Кейінірек тінту шаралары барысында ұсталғандардың бірінің гаражынан 300 кг марихуана мен 21 кг 300 гр гашиш жасырылған орын анықталды.

Осылайша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 464 келіні құрады.

«Бұл соңғы 10 жылда облыс полицейлері тәркілеген ең ірі марихуана партиясы. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр» - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.


Соңғы жаңалықтар