СҚО полицейлері қаржы пирамидасының құрбаны болған тұрғындарды іздестіріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат  - Солтүстік Қазақстан ның полицейлері қаржы пирамидасының құрбаны болған адамдарды іздестіріп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тергеу басқармасы қаржы пирамидасын құру және басқаруға қатысты бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Бұған қаржы пирамидасына кіріп кеткен Петропавл тұрғынының арызы себеп болды.

«Ғаламтордан жұмыс іздеген әйел адам Skype арқылы өздерін «LS ProJECT» фирмасының қызметкерлері ретінде таныстырған екі әйелмен келіссөздер жүргізген. Зардап шеккен азаматша сендіретіндей етіп жасалған презентациямен танысқан соң, 20 пайыздық инвестициялық кіріс әкелуге уәде берген фирманың ұсынысын қабыл алып, қажет соманы аударған. Осыдан кейін ол жаңа салымшыларды іздестіруге кіріскен», - деді баспасөз қызметінің өкілі.

Арада уақыт өткен соң қала тұрғының көңіліне күдік ұялап, полицияға шағым түсірген.

«Жаңа салымшыларды тарту қаржы пирамидасын жарнамалау болып танылады.  Бұл іс әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады, сондықтан жеке тұлғаларға 150 АЕК көлемінде айыппұл салу түрінде жаза кесіледі», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі таңда полицейлер қаржы пирамидасынан зардап шеккен тұрғындарды анықтаумен айналысуда. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары «LS ProJECT» фирмасының қызметіне араласқан азаматтардан 102 нөміріне хабарласуларын сұрайды.

Соңғы жаңалықтар