СҚО полицейлері іздеудегі 47 қылмыскерді ұстады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 81 қылмыскер бұрын жасаған қылмысы үшін ізделсе, оның 47-сі жыл басынан қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, іздеудегілердің негізгі бөлігі пробациялық бақылау және мерзімінен бұрын босату шарттарын бұзғандар.

Петропавл қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері кісі тонап, ұрлық жасаған күдікті, облыс орталығының бұрын сотталған 28 жастағы тұрғынын Ресей аумағында анықтап, ұстады. Күдіктінің кездейсоқ табыс табу үшін Ресейдің біраз қалаларын шарлауы тәртіп сақшыларына қиындық туғызды.

Ол алғашында Омбы қаласына бет алып, одан әрі Түмен, Екатеринбург, Ижевск қалаларынан бірақ шыққан. Удмуртияның астанасында петропавлдық жедел уәкілдер оны Мәскеуге бет алған жерінен қолға түсірді. Полицейлердің ізіне түскенін сезген ол, шатастыру мақсатында осылайша «саяхаттаған». Қазіргі уақытта күдікті Ижевск ІІМБ уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр, кейін Қазақстанға экстрадицияланады.

«Бұрын жасалған қылмыстарды ашу, қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіру тоқтаусыз жүргізіледі. Көбіне, айлар бойғы жан-жақты еңбектің арқасында ғана іздеудегі адамның жүрген жерін анықтау мүмкін болады», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні 34 қылмыскер іздеуде. Сондай-ақ, жедел уәкілдер биылғы жылы хабар-ошарсыз кеткен 31 адамның жүрген жерін анықтаған.

Соңғы жаңалықтар