СҚО полицейлері интернет алаяқтықтың 40 оқиғасын тергеп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бірнеше интернет алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған Алматы тұрғынына қатысты істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіні, 32 жастағы Алматы тұрғынын тамыз айының ортасында СҚО-ның криминалдық полиция қызметкерлері ұстады. Сол кезде ол сегіз оқиға бойынша кінәсін мойындаған еді. Алайда жедел уәкілдер ер адамның біраз қылмысты бүккенін анықтады. Жәбірленушілердің көбі әлі де полицияға жүгінбеген.

Қызметтік іссапар барысында тәртіп сақшылары Қостанайда, Ақмола мен Павлодар облыстарының түрлі қалаларында осы күдіктіге қатысты отызға жуық жағдайды анықтады. Петропавлда тағы басқа жәбірленушілер де табылды. Осылайша, бүгінгі таңда іс бойынша 40 эпизод тіркелді. Келтірілген шығын сомалары әртүрлі - 15 мың мен 100 мың теңге аралығында. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Қылмыскер қазіргі уақытта кең тараған сценарий бойынша әрекет еткен. Хабарландыру сайтына төмен бағамен автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектерді сату туралы хабарландыру қалдырған. Сайт әкімшілігі интернет алаяқтық қаупі туралы ескертулер орналастырғанына қарамастан, желі қолданушылары оның айласына бой алдырған. Алдын ала төлем алғаннан кейін қаскөй байланысты үзеді. Адамдардан интернет арқылы сауда жасағанда абай болуды сұраймыз. Тауар мен қызметтер үшін алдын ала төлем жасау талабына келіспеу қажет. Ұсынылған тауардың барына көз жеткізу үшін сатушыдан қосымша бейне шолу жасауды сұраңыз», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов.

Жыл басынан СҚО-да полицейлер 83 интернет алаяқтықты ашты.


Соңғы жаңалықтар