СҚО полицейлері «Борышкер» іс-шарасын қорытындылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Борышкер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Борышкер» операциясы облыс аумағында 8-16 ақпан аралығында өтті. Тәртіп сақшылары бұл іс-шараға «Қазақтелеком» АҚ, сот орындаушыларды және ірі ұялы байланыс операторының бірін жұмылдырды. Полицейлер борышкерлердің тізімін беріп, оларды sms-хабарлама арқылы қарыздан құтылу қажеттігі жайында ескертті. Акция өткен 9 күннің ішінде 1968 адам қысқартылған өндіріс арқылы, яғни айыппұлды бір аптаға жетер-жетпес уақытта төледі. Нәтижесінде олардың айыппұл сомасы 50 пайызға қысқарды.

«Жол приставы» интеллектуалды бейнебақылауды күнделікті қолдану да өз нәтижесін берді. Бұл жүйе автоматты түрде көліктердің нөмірін сканерлеп, борышкерлердің базасымен салыстырады. Осындай жұмыс барысында өткен жылдың шілде айынан бері көлік инспекциясының айыппұлын өтемей жүрген жүк көлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Жалпы, «Жол приставы» жүйесінің көмегімен 29 адам айыппұлды төлеу қажеттігі жөнінде ескертілді.

«Құқықтық мемлекет құруда жазаның қолданылмай қалмайтындығы жөніндегі принцип - негізгі элементтің бірі. Әр азамат өзінің әрекетіне жауапкершілікті сезінуі керек. Мақсатымыз – айыппұл өндіріп, жазалау емес, құқықбұзушылықтардың алдын алу. Іс-шара өткен тоғыз күннің ішінде борышкерлерге 1,5 мыңнан астам ескерту хабарламасы таратылды. Олар құқықбұзушылыққа жол берген жағдайда жазасыз қалмайтындығын түсінді, яғни енді жолда байқап жүретін болады», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.


Соңғы жаңалықтар