СҚО полицейлері биыл із-түзсіз жоғалған 417 адамды тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер биыл із-түзсіз жоғалғандар бойынша 419 өтінішті қабылдаса, 417 адам аман-есен табылып, туыстарымен қауышты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 желтоқсан күні Петропавлдың 42 жастағы тұрғыны үйінен кетіп, қайтып оралмаған. Туған-туыстары әйелді өздігінен іздеп, нәтиже болмағаннан кейін, полицияға өтініш түсірген. Із-түзсіз жоғалған қала тұрғыны жайында тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерде жазба қалдырды.

Іздестіру іс-шаралары таңертең басталды, оған криминалдық полиция қызметкерлері, патрульдік полицейлер, учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды. Нәтижесінде әйел үш сағаттан кейін дін аман табылды. Ол өз жоспары жайында жақын туыстарын ескертпей, құрбысымен уақытты көңілді өткізген екен.

«Мұндай жағдай жиі қайталанады: адамдар белгілі бір жағдайлармен, кейде жеке себептерімен жүрген жерлері жайында туыстарына айтпайды. Көп жағдайда із-түзсіз жоғалатындар спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатындар. Әр фактіні полиция қызметкерлері жан-жақты тексереді», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Жыл басынан облыс полицейлері із-түзсіз жоғалғандар туралы 419 өтінішті қабылдады. Олардың 417-сі табылды, соның 264-інің жүрген жері кезекші тәулікте анықталды. Хабарсыз кеткендерді іздестіруге волонтерлер де жұмылдырылды. Еріктілер әлеуметтік желілерде бағдарлар жариялап, іздестіру іс-шараларына қатысады.


Соңғы жаңалықтар