СҚО полицейлері: Ата-аналар баласының кіммен араласатынын білмейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында тек қаңтар айында 7 бала үйінен хабарсыз кетіп, аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімдердің біреуін екі мәрте іздеуге тура келген. Жоғалған балаларды іздеу операциясын ведомство басшылығы бірден бақылауға алады. Барлық жеке құрам ескертіліп, ювеналды, учаскелік полицейлерден және тергеу полициясы қызметкерлерінен іздеу топтары жасақталады. Жоғалғандардың барлығы бір тәуліктің ішінде табылды.

«Жасөспірімдер әдетте достарының үйінен табылады. Телефондарын қосуды ұмытып кетеді немесе ересектер «мазаларын алмау үшін» әдейі сөндіріп тастайды. Баламен сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Ата-аналардың 70% қажет кезде ұл-қыздарының кіммен араласатынын айта алмайды. Бір мысал: 6-сынып оқушысы мектептен кейін құрбысының үйіне барған. Оның қайда кеткенін білмеген анасы екі сағат іздеп, өздігінен таба алмағандықтан полицияға хабарласты. Қызының ондай құрбысы барлығын білмепті де. Іздеуді бастамай жатып, тоқтаттық. Оқушы үйіне өзі аман-есен келді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бөлім басшысы Эльмира Абушева.

Полицейлер баланың достарын ғана біліп қоймай, олардың ата-анасымен де байланыс орнатуға кеңес береді.

«Үйіңізде балаңыздың досы көбірек отырып қалса, оның ата-анасына хабарласып, әдеппен жасөспірімнің сіздің үйде отырғанын ескерткен жөн. Баланы досының үйіне жіберіп тұрып, онда бақылайтын ересектің барлығына көз жеткізіңіз. Телефонының қосулы, қуатының толық болуын қадағалаңыз. Ең бастысы – балаңыздың үйден қашқысы келмейтіндей бос уақытын жақсы өткізуіне жағдай жасаңыз», - дейді мамандар.

Үйден ешкімді ескертпей ұзаққа кеткен жасөспірім бұл әрекетін қайталайтын болса, тәртіп сақшылары оны есепке алады. Ата-анасымен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Бірнеше рет қайталанған жағдайда оларға дұрыс тәрбие бермегендігі үшін әкімшілік жаза қолданылады. Бұл да нәтиже бермеген жағдайда балар арнайы оқу орнына жіберіледі. Былтыр өңірлік комиссия осындай 7 шешім қабылдаған.

Былтыр облыста 35 жасөспірімге, оның 20-сы ер бала, іздеу жарияланып, табылды. Балаларды іздеуге «Қамқор» және «Лидер KZ» волонтер клубының мүшелері көмектесті. Полицейлердің айтуынша, әлеуметтік желі әкімгерлерінің де көмегі зор. Сондай-ақ таксопарк жүргізушілері де жолаушыларын есте сақтап, бірнеше жағдайда жасөспірімдерді тез іздеп табуға көмектескен.


Соңғы жаңалықтар