СҚО полицейлері адамды құтқару кезіндегі ерлігі үшін марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО ТЖД полицейлері адамды құтқару кезінде танытқан ерлігі үшін марапатталды. Тәртіп сақшыларына «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгілері табысталды.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлайды.

«Адам өмірін құтқару кезінде танытқан ерлігі мен батылдығы үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттауды бұйырамын», - деп оқып өтті ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығын СҚО бойынша ТЖ департаментінің бастығы Павел Филиппов.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Петропавлда жол-патрульдік батальонының қызметкерлері Есіл өзенінде мұздың астында түсіп, бата жаздаған ер адамды құтқарды. 22 желтоқсанға қараған түні көлік патрулі құрамында қызмет жүргізген полиция старшинасы Руслан Қыдырмин мен кіші сержант Ильдар Жамаладинов радиобайланыс арқылы ІІД-нің Жедел басқару орталығынан хабарлама алды. Орталық инспекторы барлық жедел қызметкерлерге Жеңіс саябағының маңындағы Есіл өзенінде ер адамның суға батып бара жатқаны туралы хабарлады. Оқиға орнына бірінші болып жеткен олар жылымға түсіп кеткен ер адамды өзен суынан жағаға алып шықты.

Құтқарылған азамат 3-ші қалалық ауруханаға жеткізілді.

Кейін анықталғандай, Заречный кентіндегі достарының үйінен қалаға оралған 28 жастағы Владимир Әбішев жолды қысқарту үшін мұз арқылы өтпек болған. Қарсы жағалауға дейін шамамен он метр қалған кезде ол жылымға түсіп кетті. Ол болған оқиға туралы мобильдік телефонмен досына хабарласып үлгерген. Өз кезегінде досы бірден «102» қызметіне телефон шалған.

Соңғы жаңалықтар