СҚО өзендерінде жарылыс жұмыстары басталды

None
Фото: instagram.com/soltustkqaz_tjd
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өзендерде мұз кептелісін тудырмау үшін жарылыс жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мұз көбесін сөгу мақсатында Сілеті өзенінің сағасында жарылыс жұмыстары жүргізілді.

Қулыкөл елді мекенінің маңынан өтетін өзеннің 4 учаскесінде мұз жарылды.

Бұл жұмысты осы істе мол тәжірибесі бар «Көкше-БУР» ЖШС мамандары атқарды. Ал жарылыс жұмыстарының жалпы ауданы 1 мың шаршы метрді құрады.

«Жауапты іс-шара қауіпсіз өтуі үшін тұрғындар алдын ала хабарланды. Сондай-ақ оқиға орнында Уәлиханов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшылары, Құлыкөл ауылдық округінің әкімі және учаскелік полиция инспекторы кезекшілік етіп, жұмыстың тиісті деңгейде өткізілуін бақылауда ұстады», - дейді СҚО ТЖД бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.

Мамандардың айтуынша, мұз көбесін сөгу көктемгі су тасқыны кезінде мұз кептелісін тудырмау үшін жасалады.

Ағын судың жолы ашылып, тасқын судың күшін әлсіретед, осылайша судың көтерілу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Өзенде мұз жару жұмыстары жүргізілгеннен кейін жарылыс толқынынан мұзда жарық пайда болады. Сондықтан мұндайда мұз бетіне шығу адам өміріне қауіпті екенін еске саламыз», - дейді Сәкен Ағзамов.


Соңғы жаңалықтар