СҚО өнертапқыштары қай салада жаңа дүниелер жасап шығарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өнертапқыштар негізінен ауыл шаруашылығы саласына және энергияны үнемдеуге қатысты өнертабыстарын тіркейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғыны Юрий Давыденко электр көздерінің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Каскадты сермерлі электр станциясын» ойлап тапты. 15 жыл бойғы еңбектің нәтижесін жүзеге асырған жағдайда баламалы қуат көзі – жел қондырғылары сияқты электр стансалары да қандай жағдайда болмасын тоқтаусыз жұмыс істейтін болады.

«СҚО-да жел тоқтаусыз соғады. Алайда біз оны энергия өндіруде тиісінше қолданбай отырмыз. Менің ойлап тапқан дүниемді кез келген электр стансасына қолдануға болады. Құрылғы үздіксіз қоректендіру көзі ретінде пайдаланылады. Бұл жобаның қоршаған ортаға еш зияны жоқ», - дейді Юрий Давыденко.

СҚО әділет департаментінің бөлім бастығы Мария Томастың айтуынша, өңірде дарынды өнертапқыштар көп. Өнер табысы негізінен ауылшаруашылығында жеткілікті, ғимараттарды жылытуға қатысты, электр қуатын өндіруге қатысты жаңашылдықтар бар.

«Біздің айналамыздағы бұйымдардың барлығын біреу ойлап тапқан, жетілдіру үшін көп ойланып, еңбек сіңірген. Бірақ біз ол жайында ойлана бермейміз. Адамның ойымен жасалған кез-келген дүниенің өз құны бар. Біз сонымен жұмыс істейміз. Өнертапқыштардың саны көбейіп келеді. Қазір олар өздерінің ойлап тапқан дүниелерінен айрылып қалмау үшін тіркеу қажеттігін түсінеді», - дейді Мария Томас.

Маманның айтуынша, көп жағдайда өнертапқыштар қорғау құжатын алып, сонымен шектеліп қалады. Олардың қолында түрлі сызбалар, өлшемдер, кестелер бар. Өз жұмыстарын халыққа көрсетіп, оның қажеттілігін көрсету үшін өнертапқыштарға арнайы жоба қажет.

«Патент алу өте ұзаққа созылатын процесс. Алдымен түрлі сараптамалар жасалады. Оған шамамен бір жылдай уақыт кетеді. Тек содан кейін ғана патент алады немесе белгілі себептер негізге алынып берілмейді.

Авторлық құқықты алу оңайырақ. Ол толық автоматтандырылған. Өтініш түсісімен бір күннің ішінде алуға болады. Тауар белгісін алу үшін 7 ай сараптаманың қорытындысын күту қажет. Барлық келтірілген мәліметтер тексеріледі», - дейді бөлім бастығы.

СҚО бойынша 2019 жылы 100 шақты қорғау құжаттары берілген. Оған өнертабыстар, тауарлық белгілер, пайдалы модельдер және өнеркәсіптік үлгілер кіреді.


Соңғы жаңалықтар