СҚО өңдеу өнеркәсібінде жұмысшылардың орташа еңбекақысы - 242 мың теңге

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2018 жылғы 171,2 млрд теңгеден өткен жылдың қорытындысы бойынша 306 млрд теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің айтуынша, соңғы үш жылда іске қосылған кәсіпорындар нәтиже беріп жатыр.

«Өңір индустриялық-аграрлық экономикаға көшіп жатыр. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойды. Өнеркәсіп саласында негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі алады. Бұл саладағы өндіріс көлемі 2018 жылғы 171,2 млрд теңгеден өткен жылдың қорытындысы бойынша 306 млрд теңгеге дейін өсті. Биылғы 9 айда біздің өңдеушілеріміз 282,5 млрд теңгеге өнім өндірді. Осы жылдың қорытындысы бойынша көлемі 390 млрд теңгеден асады деп отырмыз», - дейді Дәурен Жандарбек.

СҚО-да өндірістің ұлғаюымен кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысы да артқан. 2018 жылы 120 мың теңге болса, бүгінде орташа еңбекақы 242 мың теңгеге жеткен.

«Әрине, экономиканың нақты секторы мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы дамып жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба және «Қарапайым заттар экономикасы» аясында өңір кәсіпкерлерін қолдауға биыл шамамен 7,5 млрд теңге бөлінді, бұл 2018 жылғы деңгейден 3 есе көп. Оның 4,6 млрд теңгесі субсидиялауға, 2,2 млрд теңге кепілдік беруге, 37 млн теңге гранттық қаржыландыруға, 690 млн теңге инфрақұрылымды тартуға жұмсалды. Егер 2018 жылы облысқа 214,2 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл негізгі капиталға шамамен 380 млрд теңге инвестиция келеді деген жоспар бар», - дейді СҚО әкімінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар