СҚО оқушылары ІІІ тоқсанда қалай оқитыны түсіндірілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үшінші тоқсаннан бастап штаттық режимде оқитын мектептердің саны 60-қа артпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде үшінші тоқсандағы оқуға қатысты түсінік берді.

Оның айтуынша, штаттық режимде оқытатын мектептердің саны 60-қа артпақ. Осылайша барлық мектептердің 87,2%, яғни 416 мектеп 34,5 мың балаға дәстүрлі түрде сабақ беруге кіріседі. Екінші тоқсанда 356 мектепте 22 мыңнан артық оқушы штаттық режимде оқыды.

«300-ге дейін оқушысы бар мектептердің жұмыс істеуіне рұқсат берілгендіктен, штаттық режимде жұмыс істейтін білім ордаларының саны артқан. Ал 61 мектеп, негізінен қала және аудан орталықтарының мектептері қашықтан жұмысын жалғастырады. Олардың 14 663 оқушысы бар.

Өзгерістер 5, 9, 11-сынып оқушыларына да қатысты болады. Атап айтқанда: 5, 9, 11-сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша кезекші сыныптарда білім алады», - дейді Гүлмира Кәрімова.

Осылайша 19 779 оқушы үшін 1605 кезекші сыныптар жұмыс істемек.

«9-11 сыныптар үшін сабақтар аралас ұйымдастырылады. Негізгі пәндер: алгебра, геометрия, химия, физика, биология, география, Қазақстан тарихы, тілдер мектепте оқытылса, қалғандары қашықтан беріледі. Қазіргі уақытта сабақ кестесі жасалды. Мектеп әкімшілігінің шешімімен 5 адамнан аспайтын топтарға қосымша жеке сабақтар ұйымдастыруға болады. 3-тоқсаннан бастап мектеп-интернаттардың да қалыпты жұмыс істеуіне рұқсат берілді», - дейді білім басқармасының басшысы.

Алайда мектеп әкімшілігі сыныптардағы бала санын 15-тен асырмай, санитария талаптарын қатаң сақтауы қажет.

Колледж студенттері үшін де 2-семестрде өзгерістер бар.

«Колледждің 1-курс студенттері үшін сабақтар аралас өтеді. Маска тағу, 1,5 метр ара қашықтықты сақтау – міндетті. Аудиториядағы студенттер саны 15-тен аспауы керек. Сабақтар 45 минутқа шақталып, 10 минуттық үзілісте кабинет жуылуы тиіс. Дуалдық оқыту болған жағдайда сабақтар штаттық режимде жүргізіледі», - дейді СҚО білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.


Соңғы жаңалықтар