СҚО-ның үздік учаскелік инспекторы Мамлют ауданында қызмет етеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық үздік учаскелік инспекторы Бақытжан Смайылов Мамлют ауданы полиция бөлімінде еңбек етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 44 жастағы Бақытжан Смайылов 2005 жылдан бастап ішкі істер органдарында еңбек етіп келеді.

Алдымен мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Мамлют ауданы полиция взводының полицейінен бастаған.

Кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы, учаскелік полиция инспекторы, жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары қызметін атқарған.

2020 жылдың сәуірінен бастап, Краснознаменный ауылдық округінің учаскелік инспекторы болып еңбек етіп жатыр.

Әкімшілік учаскеге мыңнан аса тұрғыны бар үш ауыл қарайды.

Бір ерекшелігі, бұл округ арқылы «Челябі - Новосібір» халықаралық автомобиль жолы өтеді, облыс орталығы - Петропавл, аудан орталығы - Мамлютка қаласы жақын.

Ауылда қызмет ететін учаскелік полиция инспекторының күнделікті жұмысы қаладағы әріптестеріне қарағанда ауқымды.

Учаскелік инспекторға ауылдық округтің әкімінен басқа көмек қолын созатындар аз. Сондықтан ең бастысы халықтың қолдауына, сеніміне ие болу.

«Тұрғындардың Бақытжан Смайылов туралы пікірі жақсы, оны талапшыл, әрқашан көмектесуге әзір және әділ деп бағалайды. Учаскелік инспектордың міндеті тек жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу. Жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау үшін де ауылдық округтің әкімі Александр Копендаков пен орта мектептің директоры Мұрат Ташмағамбетовпен тығыз жұмыс істейді», - дейді Мамлют ауданы полиция бөлімінің бастығы Петр Климов.

2021 жылдың аяғында өңірдің ауыл полицейлері арасында өткізілген «Үздік учаскелік полиция инспекторы» облыстық байқауында Бақытжан Смайылов жеңімпаз атанды.

Полиция майоры еліміздің барлық аумақтарынан жиналған әріптестерімен бірге ҚР ІІМ Алқасына қатысып, «Үздік учаскелік полиция инспекторы 2021 жыл» төсбелгісімен, сондай-ақ Ішкі істер министрінің грамотасымен марапатталды.

Ал биыл мамырдың соңында тәртіп сақшысына тұрғын үймен біріктіріле салынған жаңа учаскелік пунктің кілті салтанатты түрде табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар