СҚО-ның Уәлиханов ауданындағы елді мекен су тасқынынан аман қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Ш.Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылы тиісті іс-шаралардың нәтижесінде тасқын судан зардап шеккен жоқ. Бұл жайында өңір басшысы Құмар Ақсақалов Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен үш күннен бері облысымыздың ең шеткі нүктелерінің бірі - Ш.Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылында жүрмін. Петропавл қаласы мен елдімекеннің ара қашықтығы - 559 шақырым. Қаратал және Қулыкөл ауылдарында үшінші күн жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Барлық қызметтер күні-түні кезекшілік етуде. Су ауылға кірмес үшін жағаны бекіттік. Нәтижесінде, Қулыкөл тасқын судан зардап шекпейді», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі өз оқырмандарына тасқын су келген елді мекендердегі тұрғындардың өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне еш зиян келмеуі үшін қажетті шаралардың қолға алынғанын жеткізді. Мәселен, Қаратал ауылының тұрғындары дер кезінде Қулыкөлдегі эвакуациялық бекетке көшірілді.

Бұдан басқа Құмар Ақсақалов ауылдарға судың қайдан келгенін айтты.

«Ақмола облысында орналасқан Сілеті су қоймасынан әр секунд сайын 574 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл жылдағы көрсеткіштен анағұрлым жоғары. Үш күннің ішінде осы екі ауылға Сілетіден шамамен 154 млн текше метр су келді. Салыстыру үшін айтайын: осыдан 4 жыл бұрын барлық су тасқыны кезінде, яғни бір айдың ішінде 330 млн текше метр су келген болатын», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Соңғы жаңалықтар