СҚО-ның Уәлиханов ауданында 4 мектеп карантинге жабылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында 14 балада коронавирус анықталып, төрт мектепте оқу онлайн форматқа көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингіде пандемия жағдайындағы білім беру ұйымдарының жұмысы жайында мәлім етті.

Гүлмира Кәрімованың айтуынша, қыркүйек айынан бастап СҚО-да 108 бала қауіпті инфекцияны жұқтырған. Олардың 61-і штаттық режимде, 47-сі қашықтан білім алған. Ал қарашада COVID-19 жұқтырған оқушылардың саны күрт артқан.

«Қараша айында 68 оқушыда коронавирус анықталды. Қазіргі уақытта 19 бала ем алып жатыр. Оның 14-і – Уәлиханов ауданының оқушылары. Мұнда тек Чехов орта мектебінде ғана бір тәулікте 7 баладан КВИ анықталды. Олардың барлығы инфекцияны күзгі каникул уақытында, үйлерінде жұқтырған. Басқа балалармен байланыста болмаса да біз 90 оқушысы бар бұл мектепті онлайн форматқа ауыстырдық», - дейді Гүлмира Кәрімова.

Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылындағы тағы үш мектеп қашықтан оқуға көшірілді. Мұндағы 7 баладан КВИ анықталған.

«Қазіргі уақытта Аққайың ауданында бір оқушы, Петропавл қаласында екі оқушы ауырып жатыр. Олардың барлығы карантинде отыр. Ал мектептер карантинге жабылмайды, тек қана бұл мектептерде оқу форматы өзгереді, яғни штаттық режимнен қашықтан оқуға көшіріледі», - дейді СҚО Білім басқармасының басшысы.


Соңғы жаңалықтар