СҚО-ның тұрақтандыру қорында 9 мың тоннаға жуық азық-түлік бар

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрақтандыру қорына жұмсалатын қаражат 2,3 есе артып, 800 млн теңгеден 1,9 млрд теңгеге дейін жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаевтың айтуынша, өңірде бағаның өсуін тежеу мақсатында «айналым схемасы» тиімді түрде жүзеге асып жатыр.

Жеңілдікті қарыздар ала отырып, сауда желілері өнімнің жекелеген түрлерінің белгілі бір көлеміне бағаны өсірмеу бойынша міндеттемелер алады.

Нәтижесінде, бұл тауарлар нарықтағы бағадан 15-20%-ға төмен бағамен сатылады.

Тұрақтандыру қорына жұмсалатын қаражат та 800 млн теңгеден 1,9 млрд теңгеге дейін арттырылды.

Қазіргі таңда қорда азық-түліктің жеткілікті қоры бар.

«Тұрақтандыру қорында 2750 тонна 1 сұрыпты ұн, 387 тонна макарон өнімдері, 250 тонна күріш, 637 тонна қарақұмық, 132 тонна тұз, 250 тонна құс еті, 417 тонна қырыққабат, 424 тонна сәбіз, 2 мың тонна картоп, 283 тонна пияз, 675 тонна қант пен 748 тонна сұйық май бар. Қорға салынатын азық-түлік мөлшері 6,4 мың тоннадан 9 мың тоннаға дейін ұлғайтылды», - дейді Данияр Исаев.

Тұрақтандыру қорынан қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, ұн, макарон өнімдері, қант, тұз, құс еті, көкөністер сауда желілері мен тұрақтандыру қорының дүкендері арқылы сатылады.

Облыс орталығы бұл өнімдермен 70% қамтылған.

«Солтүстік» ӘКК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін жергілікті кәсіпкерлерге қарыз беріп, олардан шикізатты бөлшек сауда желісінде төмендетілген бағамен одан әрі сату үшін алады.

Сүт және ет өнімдері жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде бөлшек сауда желісіне тікелей жеткізіледі.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының 15-і өндіріледі.

Бұл өніммен халық толық қамтамасыз етіледі.

«Сауда желілерімен және көтерме кәсіпорындармен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын төмендету және сауда үстемесінің мөлшерін сақтау туралы меморандумдарға қол қойылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департаменті сауда үстемесін асырып жіберген 4 субъектіге қатысты материалдарды Петропавл қаласының әкімдігіне жіберді. Оның біреуі расталып, бизнес субъектісіне әкімшілік іс қозғалды», - дейді Данияр Исаев.

Сондай-ақ, бағаны тұрақтандыру мақсатында Петропавл базарларында жыл соңына дейін аптасына кемінде екі рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар