СҚО-ның төтенше жағдайдан зардап шеккен 300 тұрғынына материалдық көмек көрсетілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да өрттен, судан зардап шеккен 300 тұрғынға 8,5 млн теңгенің материалдық көмегі көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көмек алғандардың бірі - Вера Останина. Биыл наурыз айында оның баспанасы тірнектеп жинаған бар дүние-мүлкімен жанып кетті. Далада қалған оларға Қазақстанның Қызыл Ай қоғамы хабарласып, көмек көрсетті.

«Күтпеген жағдай болды, қуаныштымын. Далада қалған біздер үшін қазір қандай көмек болса да маңызды. Берген қаражатқа азық-түлік, киім-кешек, дәрі және қалғанына құрылыс материалдарын аламыз» , - дейді Вера Останина.

Татьяна Пипус - жеті баласы бар көпбалалы ана. Апатты деп танылған үйде тұрып жатыр. Көктемде баспанаға су кіргендіктен қабырғаларды зең басқан.

«Бірер күн бұрын хабарласып, «270 мың теңгесі бар көмек картасын береміз» деді. Біз үшін ол көп ақша. Балаларға киім-кешек, азық-түлік аламыз, үлкен ұлым ауырады. Оның еміне ай сайын 45 мың теңге керек - соған жұмсаймыз. Бізге көмек көрсетіп жатқан қор мен ұйымдарға алғысым шексіз», - дейді көпбалалы ана.

Арнайы көмек карталарын жергілікті жерлерде Қызыл Ай қоғамы мұқтаж жандарға таратып жатыр. Олардың тізімі Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының және Петропавл саяжайшылар қоғамының көмегімен жасалды.

«Бұл жоба халық үшін өте керек. От пен су сияқты төтенше жағдайлардан көбіне саяжайда еңбек ететін, сол арқылы күн көріп отырған зейнеткерлер зардап шегеді. Петропавл қаласында үшінші жыл саяжай учаскелерін су басты, соның салдарынан тұрғындар биыл егінді де кеш егеді. Бұл жобаның негізгі демеушісі Булат Өтемұратовтың қорына алғыс білдіремін. Көмек карталары көпбалалы аналар үшін, тұрмысы төмен отбасылар үшін, жалғызбасты зейнеткерлер үшін аз да болса көмек», - дейді Қазақстанның Қызыл Ай қоғамы филиалының директоры Сәуле Оразова.

Арнайы көмек карталарымен супермаркеттерде, дәріханаларда еш қиындықсыз есеп айырысуға болады.

Соңғы жаңалықтар