СҚО-ның Соколовка елді мекенінде карантиндік шектеулер күшейтілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Соколовка елді мекенінде коронавирус инфекциясының көптеп таралуына байланысты бүгіннен бастап карантиндік шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылжар ауданының бас санитар дәрігері Жангелді Ибраевтің айтуынша, ақпан айының басынан Соколовка елді мекенінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 18 жағдайы тіркелген. Соның төртеуі өткен аптада анықталған.

«Облыстық штабтың шешімімен егер де елді мекенде 10 және одан да көп ауырған адам тіркелсе, тізбекті үзіп, жұқтырғандар санын азайту үшін карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Алайда блок-постар қойылмайды. Өткен аптада Соколовкада 4 жағдай тіркелсе, оның алдында 14 адамда КВИ анықталды. Инкубациялық жағдай 14 күн болғандықтан шектеу шараларын қатаңдатуға шешім қабылдадық», - дейді Жангелді Ибраев.

Ауданның бас санитар дәрігерінің айтуынша, ауданда коронавирус бойынша жағдай тұрақталып келеді. Ақпан айының басында 69 адамда КВИ анықталса, өткен аптада ол 43-ке дейін азайды. Қазір мұндағы Соколов, Озерный және Сивков орта мектептері карантинге жабылып, оқушылары қашықтан оқуға кетті.

Бұған дейін Соколовка елді мекенінде карантиндік шектеу шараларын күшейту бойынша Қызылжар ауданы бас санитар дәрігерінің қаулысы шыққанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар