СҚО-ның Шұқыркөл елді мекенінде өрт сөндіру бекеті ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы Шұқыркөл елді мекенінде жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру туралы ведомствоның 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бар. Соған сәйкес Ғ.Мүсірепов ауданы Шұқыркөл селосында өрт сөндіру бекеті ашылды.

СҚО Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шұқыркөл ауылы - облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендердің бірі. Аудан орталығы Новоишим селосынан 30 шақырымдай қашықтықта жатыр. Шұқыркөл ауылдық округіне Шұқыркөлден басқа «Қазақстанның 15 жылдығы», Жаңасу ауылдары да кіреді. Жалпы халық саны 3,5 мыңнан асады.

«Елді мекендерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету: адамдардың денсаулығы мен өмірін, жиған-терген мүлкін, қоршаған ортаны тілсіз жаудан қорғау – құтқару қызметіне артылған негізгі міндет. Облыстың шалғай елді мекендерінде өрт сөндіру бекеттерінің ашылуы - өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың қызметінің тиімділігін арттырады, оқиға орнына жылдам жеткендіктен өмірлерді құтқаруға, материалдық құндылықтарды сақтап қалуға көмектеседі», - деп атап өтті СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Ауданға сапары барысында Нұрлан Атығаев өрт сөндіру бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша ынтымақтастық шеңберінде аудандық бөлімшеге «Штиль» маркалы жоғары өнімді аппараттар табыс етті. Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің отбасыларын аралап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысты.

Мамандардың есебінше, қазір өңірдің шалғай елді мекендерінде 36 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар