СҚО-ның Қызылжар аудандық сотында фронт-офис жұмысын бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл елді мекенінде «Үлгілі сот» бағдарламасын іске асыру шеңберінде алғашқы аудандық фронт-офис ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заман талабына сай халыққа қызмет көрсететін кеңсені ашудағы мақсат - халықтың сот жүйесіне деген сенім деңгейін арттыру, сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

«Үлгілі сот» бағдарламасы аясында облыс ауданында алғаш ашылған фронт-офиске судьялар, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, медиаторлар мен адвокаттар қатысты.

Бұл жерге келушілерді консультанттар қарсы алып, олардың барлық сұрақтарына жауап беруге дайын. Онда үш: ақпараттық орталық, кіріс кеңсесі және күту аймағы бар. Аймақтардың барлығы кең залда орналасқан. Заманауи техникамен, ыңғайлы жиһаздармен жабдықталған. Келушілер үшін тегін WI-FI қызметі де бар.

«Халыққа ыңғайлы жағдай жасау үшін ашылды. Бұл жерге келген тұрғындарға толық қызмет түрі көрсетіледі. Кіреберісте келушілердің барлық сұрақтарына жауап беретін білікті маман тұрады. Ақпараттық орталық «кедергісіз қағидат» принципі бойынша жұмыс істейді. Бұл облыс бойынша ауданда ашылып отырған алғашқы фронт-офис. Төрт құрамды сот, бұл жерде қаралатын істер де көп. Сол себепті бірінші кезекте ашылды», - дейді СҚО соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов.

Фронт-офисте медиаторларға жеке кабинеттер қарастырылған. Айта кету керек, былтыр барлық істің 3%, яғни 1700 іс сотқа жетпей оң шешілген. Қазір осындай фронт-кеңселер Петропавлдағы барлық соттарда бар. Енді басқа да аудан орталықтарында ашу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар