СҚО-ның курорттық аймағында өрт сөндіру бекеті ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы, Шалқар ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сөндіру бекеті екі мың тұрғыны бар Шалқар және Лобанов елді мекендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Өрт сөндіру бекетінің жақын маңда орналасуы өрт болған жағдайда жылдам қимылдауға, зардап шегушілердің санын және шығын мөлшерін азайтуға сеп болмақ. Шалқар және Лобанов елді мекендері курорттық аймақта, қарағай-қайыңның ортасында орналасқан. Сондықтан енді жалын тұтанған жағдайда оны өршітпей, бірден сөндіруге мүмкіндік бар», - дейді өрт сөндіру қызметінің мамандары.

Айыртау аудандық әкімдігі өрт сөндіру бекетін арнайы киім-кешек, мотопомпа және басқа да техникалық керек-жарақпен қамтамасыз етті.

Елді мекендер аудан орталығынан шалғай орналасқан. Сондықтан да ауылда өрт сөндіру бекетінің ашылғанына тұрғындар қуанып, алғыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар