СҚО-ның ішкі істер органдарында соғыстан кейін 771 майдангер қызмет етті

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер майдангер Федор Щегловқа 9 мамыр күніне орай сыйлық жасап, оның үйінің ауласында концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің ішкі істер органдарында Екінші дүниежүзілік соғыстың 771 ардагері еңбек етті. Алайда олардың бірде бірі Жеңістің 77 жылдығына дейін жете алмады. Дегенмен, полицейлер биыл да жылдағы дәстүр бойынша майдангерлерді құттықтады. Мереке қарсаңында Петропавлдағы Интернационал көшесіндегі үйдің ауласында концерт қойылды. Басты көрермен – майдангер Федор Щеглов болды.

ІІ дәрежелі Отан соғысы орденінің кавалері 95 жастағы Федор Щеглов 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, танкист болып қызмет еткен. «Кенигсбергті басып алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» және өзге де медальдары бар.

Концерт барысында Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманғали Татваев сөз алып, жылы лебізін білдірді. Погондағы әртістер соғыс жылдарында шырқалған және көпшіліктің сүйікті фильмдерінен таныс әндерін шырқады. Соның ішінде «Эх, дороги», «Смуглянка» және басқалары бар, ал Асхат Ғалеев домбырасымен «Семнадцать мгновений весны» фильміндегі «Где-то далеко» әнінің әуенін әсерлі орындап берді. Концерт майдангердің ғана емес, сол маңда тұратын үйлердің тұрғындарының да көңілінен шықты.

«Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету – ұрпақтардың қасиетті борышы. Бізге бейбіт заман сыйлаған жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Полиция қызметкерлері үшін Жеңіс күні – маңызды дата. Өйткені, бұл – елімізді қорғау дәстүрінің және ортақ Отанымызда өмір сүріп жатқан халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз етудің сабақтастығын білдіретін маңызды күн», – дейді СҚО ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов.


Соңғы жаңалықтар