СҚО-ның екі полицейі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында адамдарды судан, оттан құтқарған полицияның екі қызметкері «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, солтүстікқазақстандық екі полицейге «Ерлігі үшін» медальдарын ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов салтанатты түрде табыс етті.

Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші-инспекторы Мейірман Төлебаев бір жыл бұрын екі адамды судан алып шыққан. Өткен жылдың мамыр айында бір бойжеткен Есіл өзеніне құлап кеткен. Оны көрген адамдардың бірі құтқармақшы болып, өзі де суға кете жаздаған. Сол маңда жүрген Мейірман және тағы бір әйел көмекке ұмтылып, мұздай суға түседі. Полицей қызды жағаға шығарып, ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Полиция лейтенантының әріптестері бұл оқиға жайында кейін келіп түскен алғыс хаттардан білген.

Ал Айыртау ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкері Рүстем Кәрім көршісін жалыннан аман алып қалды. Өрт екі пәтерлі үйде қаңтар айында болған. Полицей үйден отбасын шығарып, қабырғаның арғы жағында тұратын көрші зейнеткерге шығуға көмектескен.

Мейірман Төлебаев медальмен марапатталған кезде толқығанын және өзінің әрекетін ерлік деп санамайтынын атап өтті. Сөзіне қарағанда, полицей қиын жағдайға тап болған адамның қасынан өтіп кете алмайды. Рүстем Кәрім де осы пікірде.

«Менің орнымда кез келген адам осылай істер еді. Қазақстандық полицияның мерейлі жылында осындай жоғары марапатқа ие болғанымды мақтан тұтамын, бұл күнді ешқашан ұмытпаймын», - дейді Рүстем Кәрім.



Соңғы жаңалықтар