СҚО-ның екі ауданында жаңа спорт нысандары пайдалануға берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан салынған хоккей корты мен спорттық-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғабит Мүсірепов ауданында «Sunqar» атты жаңа хоккей корты ашылды. Жаңа спорт нысанының жұмысын өңір басшысы Құмар Ақсақалов барып көрді.

Былтыр облыс әкімі әр ауданда жабық хоккей корттарының салынатындығын айтқан еді. Бұл бастама нәтижелі жүзеге асып жатыр. Қазір олардың саны сегізге жетті.

«Әр ауданда стадион жанынан хоккей корты, спорт кешені салыну керек. Осылайша «кіші олимпиада ауылына» айналады. Келесі жылы бұл кешендерде футбол, хоккей, баскетбол және волейболдан тұрақты чемпионаттар өткізетін боламыз. Биыл аудандарда 6 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандарда дәстүрлі түрде спорт жарыстары өткізілетін болады», - дейді Құмар Ақсақалов.

Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимкада пайдалануға берілген жабық хоккей кортының құрылысына 72 млн теңге жұмсалды. Бұл жерде спортшылар ғана шеберліктерін шыңдап қоймай, балалар мен жастар да жаттыға алады. Жас спортшыларды дайындау үшін қолайлы жағдай жасалған.

«Биыл 5 аудан орталығында хоккей корттары салынып жатыр. Жыл соңына дейін Мамлюткада ашылады. Қаңтар айында Булаев пен Тимирязевте хоккей корттары қолданысқа беріледі. 2021 жылы бюджет есебінен тағы 7 хоккей корты салынады», - дейді өңір басшысы.

Ал бүгін Тайынша ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Спорт орталығында бокс, күрес, ауыр атлетика, футбол, баскетбол және волейбол залдары бар. Ойын барысын 160 адам тамашалай алады.


Соңғы жаңалықтар