СҚО-ның бірнеше ауданында су тасқыны болуы ықтимал

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының құтқарушылары көктемгі су тасқындарына ерте бастан дайындалу қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, сәуірдің алғашқы он күндігінде су тасқындары басталуы мүмкін. Облыстағы су тасқындарына қар мен мұздың күрт еруі себеп болады. Су айдындарындағы мұз еріп, сең жүре бастайды.

Петропавлда жер бетіндегі қар мен мұздардың еруінен: Подгора, Қопай, Тері зауыты, Жұмысшылар кенті, Бензострой, Заречный кенті секілді бірнеше шағын ауданда су тасқындары болуы мүмкін. Заречныйға тіпті Есілдің суы тасуы да мүмкін.

«Көктемдегі су ағындарына көп нәрсе байланысты. Бірақ үйлері еңісте орналасқан жеке сектордың тұрғындары су тасқынынан құтыла алмайды-ау. Қазірдің өзінде ауласын, үйдің маңайын қардан тазалай беруі тиіс. Судың арықтармен, жылғалармен кедергісіз ағып кетуін қадағалаудың мәні зор. Қар, мұз, қоқыстар судың жолын бөгесе, айналаға жайылып кетеді», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Су тасқыны байқалатын аудандарда 1 мың жеке учаскелер бар. Су тасқыны кезінде олар «сыртқы әлемнен» үзіліп қалуы да мүмкін. Тасыған судың үстіне электр және байланыс сымдарының түсу қаупі де жоқ емес. Құтқарушылар мұндай жағдайлар алапат су тасқындарына ғана тән екенін айтып, сендіруде. Соңғы жылдары ондай апаттардың болмағаны көңілге демеу болып отыр.

Авторы: Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар