СҚО-ның бас санитарлық дәрігері тұрғындарды мерекені үйде отбасымен қарсы алуға шақырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының бас санитарлық дәрігері брифингіде коронавирус бойынша өңірдегі жағдайға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның бас санитарлық дәрігері Арман Күшбасовтың айтуынша, өткен аптамен салыстырғанда КВИ жұқтырушылар саны 5 % азайған. Мәселен өткен тәулікте өңірде COVID-19 жұқтырудың 58 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың басым бөлігі Петропавлға тиесілі.

«Басқа өңірлермен салыстырғанда жағдай тұрақталып келеді. СҚО «сары аймаққа» кірген. Бірақ та бұл көрсеткіш сіз бен бізге байланысты, кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін. Сол себепті жаңа жыл мерекесін үйде, отбасы мүшелерімен қарсы алуға шақырамын. Байланысты неғұрлым азайтқан дұрыс. Сондай-ақ қолды жиі жуып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауды, маска тағып жүруді ұмытпаймыз», - дейді Арман Күшбасов.

Бұл күндері Петропавлда сырғанақтар жұмыс істейді. Мұз айдындары да ашық болады. Алайда мамандардың талаптарын естен шығармаған жөн.

«Мониторингтік топтар жұмысын жалғастырады. Олардың міндеті жұртты жазалау емес, ескерту, аурудың таралуына жол бермеу. Алайда талапты өрескел бұзған жағдайда әкімшілік жауапқа тартуға тура келеді. Ол қоғамдық орындарға да, сырғанақ тебушілерге де қатысты. Мұз айдындарын жаппаймыз, алайда конькиді жалға беру жұмыс істемейді. Өйткені инфекция аяқ киім арқылы жұғуы мүмкін», - дейді облыстың бас санитариялық дәрігері.

Жалпы карантин басталғалы СҚО-да әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты 1706 хаттама толтырылды. Оның 1573-і жеке тұлғаларға, 131-і кәсіпкерлік субъектілеріне және екеуі лауазымды тұлғаларға қатысты. Айыппұлдың мөлшері 94,5 млн теңгеге жетті.


Соңғы жаңалықтар