СҚО-ның 9 ауданында тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының 9 ауданында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысы басталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқыс полигондарына келсек, жоспарға сай аудандарда 9 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу көзделген, 2023 жылға дейін аяқтауымыз қажет. Олар аудандарда салынады, қажетті сметалық құжаттар жасалды, бүгінде сараптамадан өтіп жатыр. Қаражат бөлінген жағдайда іске кірісеміз», - дейді СҚО экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.

Айтуынша, 2020 жылы өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша кешенді жол картасы әзірленді. Бұл картаны экология министрлігі және СҚО әкімдігі бекіткен. Құжат 7 бағыт, 15 іс-шарадан тұрады. Олардың қатарында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салудан бөлек, ауаны ластайтын заттардың көлемін азайту, кәріз жүйелерін қалпына келтіру, көгалдандыру мәселелері қамтылған.

СҚО-да қазіргі уақытта қоқыс төгетін 454 жер бар, оның 15-і ғана заңды. Тек 333-і ғана мемлекеттік жер актісіне ие. «Қазақстан ғарыш сапары» арқылы биыл 80 қоқыс үйіндісі анықталды. Былтыр 363-і анықталған еді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың күшімен заңсыз қоқыс орындары жойылып жатыр.

Ал, Петропавл қаласындағы полигонның рұқсат құжаты 2024 жылы күшін жояды. Әрі қарай жұмыс істеуі үшін оны создыруы керек.

«Қазіргі жағдайда бұл нысан тиісті рұқсатты ала алмайды. Өйткені, полигон санитариялық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Полигонда қалдықтардың жануына байланысты көптеген шағымдар түсіп жатыр. Олар дұрыс сақталмайды. Әкелінген қалдық сұрыпталуы қажет, кейін көмілуі керек. Бұдан басқа да мәселелері жеткілікті. Көктемде біз тексердік. Бірқатар заңбұзушылықтар ашылды. Олар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жою жөнінде ұсыным берілді. Бірақ, полигон тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуді қолға алған жоқ. Сондықтан, материалдарды сотқа жібердік. Мақсатымыз – олқылықты жойғанға дейін полигон жұмысын тоқтату», - дейді департамент басшысы.

Маманның айтуынша, Петропавлдағы тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесін шешу үшін жер бөліп, жаңа полигон салу қажет.


Соңғы жаңалықтар