СҚО-ның 11 ауданында арамшөпке қатысты карантин аймақтары бекітілді
2022 жылғы 16 мамыр 22:10

СҚО-ның 11 ауданында арамшөпке қатысты карантин аймақтары бекітілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданында жатаған укекіре арамшөбінің көптеп таралуына байланысты карантин аймақтары бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы нормативті-құқықтық актілер сайтында жарияланды.

Құжатқа сәйкес Айыртау, Ақжар, Аққайың, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Кызылжар, Ғабит Мүсірепов, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында карантин режимі енгізіле отыра карантинді аймақтар бекітілді.

Оған жатаған укекіре арамшөбінің көптеп таралуы себеп болған. Зиянды шөп шамамен 126 мың га алқапқа жайылған.

Соның ішінде тек Ақжар ауданында ғана 53 716 га карантин аймағына кірді.

Жатаған укекіре - оңайлықпен жойылмайтын арамшөптің бірі, тамыры мықты келетін ол топырақты құрғатады, дақылдармен салыстырғанда 2-5 есе көп қорек пен ылғал сіңіреді.

Укекіре жайылымдардың өнімділігін күрт төмендетеді, жемшөп сапасын нашарлатады.

Құрғақшылық жылдары өнім шығымдылығы 60-70 %-ға төмендейді екен.

Тамыры топырақта 3 жылға дейін, тұқымы 5 жылға дейін сақталады. Арамшөп үй жануарларына, соның ішінде жылқы малына да өте зиянды.

Тәжірибелі диқан Жомарт Омаровтың айтуынша, бұрын жатаған укекіре белгілі бір алқапта анықталған жағдайда оны қоршап тастап, механикалық жолмен жоюға тырысады екен.

«Өз басым бұл арамшөппен күресіп көрген жоқпын, оған жеткізе көрмесін. Өйткені, естуімше өте зиянды және одан 30 жылдап құтыла алмағандар бар. Бұл арамшөп бізге шеттен келуі мүмкін, өйткені кейбір шаруашылықтар алған тұқымдарын тексермейді, кімнен болса содан алып себеді. Ал оның зардабы орасан. Егер жатаған укекіре бойынша карантин енгізілетін болса, кейін басқа мемлекеттер біздің өнімді алмай қоюы мүмкін. Бидайдың сапасына әсер етеді, өнімділігі азаяды», - дейді Жомарт Омаров.

«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ СҚО филиалының мәліметінше, жатаған укекіренің тамыры 10 метрге дейін барады.

Шоқ болып өсіп, биіктігі 20-70 см-ге дейін жететін арамшөп.

СҚО-да жыл сайын карантиндік өсімдікке қатысты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта ол 247 995 га аумақта кездеседі. Ал нақты зақымданған алқап – 192 га.

«Арамшөп өскен 192 га алқаптың 191 га ауыл шаруашылығы дақылдары өседі, қалғанын жол алып жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда укекіре өскен аумақ 3,7 га азайған. Былтыр арамшөп өскен алқаптар химиялық өңдеуден өтті. Әзірге ол орындарда зиянды өсімдік шыққан жоқ. Карантиндік өсімдік болғандықтан ол жайылған алқап үш жыл бақылауға алынады. Осы аралықта қайтып шықпаса, алқаптан шектеу алынып тасаталады», - делінген филиалдың Қазақпарат тілшісіне берген жауабында.


Jańalyqtar

MURAǴAT