СҚО мен Қытайдың жоғары оқу орны бидай мен картоптың жаңа сұрыптарын зерттеп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Қытайдың Янлинг қаласының Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті делегациясының қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семинардың мақсаты - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Агротехнопаркінің ғылыми жұмысы мен бірлескен зерттеулердің нәтижелерін талқылау, тәжірибе алмасу.

Халықаралық семинарға Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің профессорлары Zhang Zhengmao, Hu Yingang, Guo Dongwei, жергілікті жоғары оқу орнының «Агрономия және орман шаруашылығы» кафедрасының қызметкерлері мен студенттері, отандық және шетелдік селекцияның дала дақылдарын экологиялық сорттық сынауға қатысатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің және Петропавл қаласының Оқушылар сарайының өкілдері қатысты.

Былтыр қыркүйек айында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің базасында Агротехнопарк ашылды. Аумағы 5 га жерге қытайлық, шетелдік және отандық селекцияның ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, екінші жыл қатарынан сыналып жатыр.

«Агротехнопарк екі оқу орны арасындағы келісім аясында ашылды. Біздің өңірде өсіруге болатын болашағы бар сұрыптарды бөліп алмақшымыз. Келешекте оны селекциялық материал ретінде қолданып, өнімділігі жоғары, ауруға төтеп беретін бидай, картоп сұрыптарын шығарамыз. Әзірше нәтиже туралы айту ертерек. Ауа-райы – бәрі ескерілуі қажет. Сол себепті бір жылдық өсімдікке кемі 3 жыл, көп жылдыққа 5 жыл керек», - дейді Агротехнологиялық факультеттің деканы Алтын Шаяхметова.

Университет өкілдерінің айтуынша, Қытайдың жоғары оқу орнымен Агротехнопаркті бірлесіп құрудағы мақсат - ғылыми зерттеулер нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, халықаралық озық тәжірибені ілгерілету, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды әзірлеу және іске асыру, білім беру сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізу.

Қытайдың Янлинг қаласының Солтүстік-Батыс орман және ауыл шаруашылығы университетімен екі жақты ынтымақтастық туралы келісім аясында университеттің 6 студенті Қытайда бір семестр білім алды. Академиялық ұтқырлық бойынша қыркүйек айында тағы бір топ шетелге аттанбақ. Сонымен қатар, 6 оқытушы аспан асты елінде тағылымдамадан өтті.

Соңғы жаңалықтар