СҚО мен астаналық полицейлер есірткіге қарсы бірлескен операция өткізді

None
Фото: СҚО ПД
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы және Астана полицейлерінің бірлескен операциясы барысында заңсыз айналымнан келіге жуық синтетикалық есірткі алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлері есірткі арнасының жолын кесу бойынша кезекті операцияны жүргізді.

Бұл жолы Петропавлдың 40 жастағы тұрғыны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдерінің назарына ілікті.

Күдікті СҚО Прокуратурасының үйлестіруімен Астана қаласында жергілікті полиция қызметкерлерімен ұсталды.


Қолға түскен ер адамның сөмкесінен кристалл тәрізді зат салынған екі орама табылды.

Сараптама оның жалпы салмағы 199,35 грамм болатын α-PvP, яғни халық арасында «тұз» атауымен белгілі синтетикалық препарат екенін көрсетті, бұл өте үлкен мөлшерге жатады.

Сонымен қатар, елордалық полицейлер Астана қаласында 800 грамнан астам есірткі тәркіледі, осылайша бірлескен операция барысында 1 кг-нан астам «синтетика» тәркіленді.

«Петропавл тұрғыны есірткінің бұл партиясын елордада сатып алып, «жасырылған» орыннан алып кеткен. Кейін оны одан әрі тарату үшін Петропавлға жеткізген. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Күдікті қамауға алынды», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.


Соңғы жаңалықтар