СҚО құтқарушылары тасқын суды ауылдарға кіргізбес үшін жұмыла әрекет етуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да тасқын су мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Тайынша ауданындағы Шағалалы өзенінде мұз кептелісі туындап, салдарынан Тайынша қаласын су басу қаупі туды. Алайда, құтқарушылардың жедел іс-қимылының нәтижесінде қатер сейілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, бүгінгі таңда облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 9 учаскесін су шайған. Сәуірдің 4 күні Тайынша ауданындағы Шағалалы өзенінен қауіп төнді. Қопа көлінен келген ағын су салдарынан мұз кептелісі туып, өзен өз арнасынан шықты. Жайылған су Тайынша қаласына жеткен.

«Жедел түрде арнайы техниканы және өрт сөндіру-сорғы стансасын жеткіздік. Қосымша ор қазылып, бұл келген суды ішкі кіргізбеді. Қазір жағдай қалыпқа келді. Су деңгейі түсіп жатыр. Келген су үйлерден 150-200 метрге кетті», - дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.

Қазір Шағалалы өзенінің аңғарында орналасқан Теңдік және Кантемировское елдімекендерді құтқарушылар назарда ұстап отыр. Мұз кептелісі туындамауы үшін мұз кесіліп жатыр. Бұған дейін Уәлиханов ауданындағы екі ауыл тұрғындары тасқын су салдарынан көшірілсе, бүгінде қауіп сейіліп, олар үйлеріне оралды.

Қазір Айыртау және Ғ.Мүсірепов аудандарындағы шағын өзендердің деңгейі біршама көтерілген. Ағын су Есіл өзеніне бет алды.

«Ақмола облысынан су келуі тиіс. Жабай өзені бойынша хабарлама келді. Сергеев су қоймасындағы су деңгейі бүгінде 841 см жетті, асып төгілген судың деңгейі 41 см. Сергеев су қоймасындағы су Петропавл қаласына 10-14 күн аралығында келе бастайды», - «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.

СҚО Төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша, М. Жұмабаев ауданындағы Беняш, Возвышенко және Алуа ауылдарына су кіргізбеу үшін құтқарушылар жұмылдырылған. Қызылжар ауданындағы Бескөл мен Бәйтерек ауылдарының маңында да бірнеше күннен бері су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар