СҚО құтқарушылары мажарстандық саяхатшыға көмек көрсетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Будапештен шығып, Магаданға жол тартқан мажарстандық байкер Янош Гаражскиге СҚО құтқарушылары көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мыңдаған шақырымды артқа қалдырған мажарстандық саяхатшы Янош Гаражскиге Солтүстік Қазақстан жерінде уақытша аялдауға тура келді. Ұшқан тас байкердің мотоциклінің май сүзгісін тесіп жіберіпті. СҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, кешқұрым Тайынша ауданы Чкалов ауылының маңында «Көкшетау - Омбы» автожолының бойында тұрған жолаушыны өтіп бара жатқан құтқарушылар көріп қалады.

«Жол үстінде тұрған қара былғарыдан киінген жолаушыны байқап, бірден тоқтадық. Өзімізді таныстырдық. Ол - орысша, біз ағылшынша дұрыс білмейміз. Ыммен, бар білгенімізді араластырып не болғанын сұрадық. Оның өзімен бірге қосалқы май сүзгісі бар екен. Сервистік орталыққа апару алыс болғандықтан, сол жерде ауыстырып бердік», - дейді СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы Рүстем Жұмағалиев.

Тайыншаға бірге келген саяхатшыны № 17 өрт сөндіру бөлімі қонақжайлылықпен қарсы алып, тамақтандырып, кейін қонақ үйге орналасуына көмектеседі. Ал кезекші қарауыл мотоциклді техникалық байқаудан өткізіп, жолға дайындап берді.

Таңертең Янош, барлығымен жылы қоштасып, Петропавлға бет алды.

«Бұл біз үшін естен кетпес кездесу болды. Адамдар бір-біріне қиын жағдайда көмектесуі керек. Бір қызығы біз саяхатшыға Венгрияның Ұлттық мерекесі - Отан қорғаушылар мен әскерилер күні көмектесіппіз. Енді Янош мереке сайын осы оқиғаны еске алары сөзсіз», - дейді СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Серік Наурызбаев.

null

Соңғы жаңалықтар