СҚО құрылысшылары күніне 90 мың теңге алып жүр ме – вице-министр жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Солтүстік Қазақстан облысында құрылысшыларға күніне 90 мың теңге айлық төленетіні туралы әкімнің мәліметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысының әкімі құрылыс саласында күніне 90 мың теңгеден ақша табуға болатынын айтты. Бір шаршы метр кірпіш қалағаны үшін 18 мың теңге төленетінін, салада тас қалаушылар тапшы екенін жеткізді. Қарапайым құрылыс саласында шынымен де осындай табыс табуға бола ма? Әлде, әкім асыра сөйледі ма?» - деп сұрады журналист орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, еңбекке ақы төлеу мәселесін нарықтың өзі реттеуі керек.

«Бұл мәселені мемлекет реттемейді, нарықтың өз мәселесі. Кірпіш қалау қызметінің құны қанша болатынын мемлекет белгілемейді. Солтүстік Қазақстан болсын, басқа өңір болсын кез келген жұмыс түріне төленетін ақы нарық арқылы реттеледі. Бізге бұл жерде қандай да бір пікір білдіру қиын», - деген Олжас Ордабаев әкім сөзіне күмән келтірмейтінін айтты.

«Егер облыс әкімі өңірде құрылыс компанияларынан сондай ұсыныс бар екенін айтқан болса, солай шығар. Ол ақпаратқа күмәндануымызға себеп жоқ. Бәлкім, маман тапшылығына байланысты осылай шығар. Ондай ұсыныс бар шығар», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар