СҚО кәсіпорнының өнімі «Қазақстанның үздік тауары» атанды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше кәсіпорнының өнімі «Қазақстанның үздік тауары» атанып, мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, республикалық байқауда «Казмясопродукт» ЖШС «Үздік азық-түлік өнімдері» аталымында жеңімпаз атанды. Шұжықтың 130-дан астам түрін шығаратын кәсіпорын 2005 жылы құрылған. Заманауи қондырғылармен жабдықталған цехтардан қазір айына 100 тонна өнім тұтынушыларына жөнелтіледі.

«Біздің шұжықтардың сапасы ең алдымен қолданылатын шикізатқа байланысты. Оны жергілікті шаруалардан аламыз. Ал кәсіпорында біздің білікті мамандар осы заманғы қондырғылардың көмегімен және тиісті стандарттардан ауытқымай сапалы өнім әзірлейді. Бұл - біздің үлкен ұжымның еңбегінің жемісі», - деді «Казмясопродукт» ЖШС директоры Серік Ілиясов.

Қазіргі таңда кәсіпорында 140 өңір тұрғыны еңбек етеді. Өз өнімдерін облыс, республика аумағында ғана емес, көрші Ресейге де сатады. Биыл күзде кәсіпорынның өнімі Мәскеу қаласында өткен «WorldFood Moscow» халықаралық көрме-байқауында үш алтын медаль алған еді.

Жалпы, республикалық байқауға СҚО-дан 9 кәсіпорын қатысты. Олардың тағы екеуі үздіктер қатарынан көрінді. «Парыз» байқауының «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымында «Ильинское» ЖШС жеңіске жетсе, «Изолит» ЖШС «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында сыйақымен марапатталды. Ал Айыртау ауданындағы «КөкшетауСтройНедра» ЖШС директоры Сергей Беликке Мемлекет басшысының атынан Құрмет грамотасы табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар