СҚО кәсіпкерлері шекара бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекке шағымданды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге неліктен шекара бекеттерінде мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тұрғаны түсіндірілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ұйымдастырған облыстың кәсіпкерлерімен өткен «Adal bussiness» диалог алаңында бизнес өкілдеріне өзекті сұрақтар қойып, алаңдатқан мәселелермен бөлісуге мүмкіндік берілді.

Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер Сабыр Бекқожин шекара қызметіндегі ұзын-соңар кезекке шағымданды.

Оның айтуынша, кезек мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерінің құжаттарды ұзақ тексеруінен пайда болатын көрінеді.

«Мынадай мәселе жиі туындап жатады: шекарада мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері құжаттарды сканерлеп, жүргізушіден өзі білмейтін құжаттарға қатысты сұрақтар қояды. Сөйтіп кезек туындайды. Біздің жүргізушілер еңбек және демалыс режимі бойынша жұмыс істейді, ал кезек 10 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Жүргізуші бұл уақытта орташа 50 км жылдамдықпен 500 км жүріп тастай алады. Не үшін қосымша қиындықтар жасайды? Кеден одағы пайда болған соң Ресей шекарасы арқылы оңай өтеміз деп үміттенгенбіз», - деді кәсіпкер.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымберді қызмет өкілдерінің шекарада тұруының орынды екенін айтты. Кәсіпкерлер істің барлық қыр-сырын біле бермейді.

«Шекарада экспорттық бақылау басқармасы тұр. Олардың міндеті - тауар мен жүктің өтуін бақылау. Тауарларды шекарадан өткізіп, кіргізудің шектеулері бар. Құжатсыз өтетін жүктер қаншама. Алайда Сіздер оны байқамайсыздар. Мысалы, тауардың сырты шырын немесе кола сияқты болғанымен, ішінде ішімдік, темекі болуы мүмкін. Күн сайын барлық бекеттерде осындай кідіртулер боп тұрады», - деді Р.Рахымберді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ернар Баянғазиннің ойынша, түсініспеушіліктер кәсіпкерлердің нашар ақпараттандырылуынан болады. Ол департаментке бизнес өкілдеріне барлығын жеңіл тілмен, шекарадан өткенде қандай мәселе туындайтынын және алдын ала қандай құжаттар дайындау керек екенін түсіндіруге кеңес берді.

Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар