СҚО кәсіпкері мектептің 12 түлегіне тұрғын үй сертификаттарын сыйлады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкері өз ауданының мектеп түлектеріне тұрғын үй сертификатын сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Жамбыл ауданында 178 түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Мектеп бітіру кешінде жастардың кейбірі аттестатпен бірге 100 мың теңгеге тұрғын үй сертификатын да алды. Бұл жергілікті кәсіпкердің үздік түлектерге сыйы. Сертификатқа ие болғандардың 10-ы үздік аттестат алса, екеуі «Алтын белгі» иегері.

Дильназ Романова Қожаберген жырау атындағы Пресновка жалпы орта білім беру мектебінің түлегі. Ол ҰБТ-да 117 балл алды.

«Мен атам мен әкемнің жолын қуып, техникалық мамандықты таңдамақпын. Мектепте сүйікті пәнім физика болды. Бүгінгі сыйлыққа қуаныштымын. Банкте міндетті түрде шот ашамыз», - дейді Дильназ Романова.

Салтанатты жиынға Отбасы банк өкілдері келіп, сертификатты қалай тиімді пайдалануға болатынын айтты.

«Бұл сертификаттар түлектерге барлық тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді. Олар өз атына банкте шот ашып, депозитті үнемі толықтырып отыруы қажет. Кейін қаражат жиналғанда еліміздің кез келген қаласынан баспана ала алады. Ол ақшаны шешіп алуға да болады. Бірақ мен қаржыны алмай, керісінше, біздің банкте оны толықтырып отыруға кеңес беремін», - дейді «Отбасы банк» АҚ СҚОФ директоры Алмас Жапабаев.

Меценат өз ауданының үздік түлектеріне 5 жылдан бері осындай сертификат беріп келеді. Осы уақытқа дейін 41 түлекке қолдау көрсетті.


Соңғы жаңалықтар