СҚО кәсіпкері 15 млн теңгесін телефон алаяғына беріп қойды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкер телефонмен хабарласқан алаяқтың сөзіне сеніп, 15 млн теңгесін белгісіз шотқа аударып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі ауылшаруашылық кәсіпорындары бірінің басшысы полицияға интернет-алаяқтардан зардап шеккендігі туралы арызбен жүгінді. Оған тамыз айының басында белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған. Оның атына біреулердің ірі көлемде несие ресімдеуге әрекет жасап жатқаны туралы және бұған жол бермеу үшін барлық қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігі туралы айтқан.

Алаяқтарға сенген жәбірленуші өз депозитінен 15 млн теңгені алып, олардың көрсеткен шотына аударған. Алаяқтарға жем болғанын кеш түсінген. Айтуынша, телефонмен сөйлескен адам өзін сенімді ұстаған, кәсіби терминдерді қолдана отыра сауатты сөйлеген.

«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Интернет-алаяқтықты ашу кезінде көптеген қиындықтар кездеседі. Көп жағдайда желідегі алаяқтар басқа мемлекеттерде, басқа өңірлерде тұрады. Басты кеңес: «банктен қоңырау шалғандарға» сенбеу, олармен сөйлесуді тоқтату қажет. Егер де өз қаражатыңызға қатысты күмәніңіз болса, банк бөлімшесіне барыңыз. Өтіріктің бетін ашу үшін қылмыскерлер атаған ұйымға ресми нөмірлері бойынша хабарласыңыз. Өзіңіздің құпия және қаржы мәліметтеріңізді, парольді, sms бойынша келген cvv- және пин-кодты ешкімге айтпаңыз», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

СҚО-да 7 ай ішінде «банктен қоңырау шалу» арқылы 129 интернет-алаяқтық тіркелді. Полицейлер бұл алаяқтар қолданатын аса қауіпті тәсіл екенін атап өтті, салдарынан жәбірленушілер 100 мыңнан миллиондаған теңгеге дейін шығын шегеді екен.


Соңғы жаңалықтар