СҚО-ға тамызда 169 дәрігер жұмысқа келеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл дәрігер жетіспеушілігі мәселесі 62%-ке шешіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов облыстық мәслихат депутаттары мен облыс активінің алдында алғашқы жарты жылдық бойынша есеп берді. Оның пікірінше, тұрғындар денсаулығын сақтау негізгі міндеттердің бірі. Бұл салада көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе – медициналық кадрлардың жетіспеушілігі. Сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының 62,5% ескірген.

Дәрігерлердің тапшылығы өңірде біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен биыл тамыз айында облысқа 169 маман келмек. Олар еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының түлектері. Дәрігерлердің 86-сы жұмысқа ауылдық жерлерге аттанады. Қалған 83-і Петропавлдағы емдеу мекемелеріне орналасады.

«Облысқа дәрігерлерді тартуда ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық жоғары оқу орындарына жүгіндік. Дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік көмекті еселедік. Мәселен 2018 жылдан бері ауылға баратын маманға 1,5 млн теңге, облыс орталығында қалатындарға 505 мың теңге демеуқаржы беріліп келеді», - деді Құмар Ақсақалов.


Бұдан басқа биыл алғаш рет еліміздегі жоғары оқу орындарының резидентурасында білімдерін жетілдіру үшін 78 маманға 45 млн теңге бөлінді. Екі жылдан кейін ол мамандар өңірге қайтып келеді. Ал көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін келесі жылы 200 дәрігер республикалық және алыс-жақын шет елдердің клиникаларында біліктіліктерін арттырады.

Соңғы жаңалықтар