СҚО-ға соңғы жылдары 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірлерден көшіп келген 140 отбасы тұрақтамай қайта кетіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы СҚО-ға соңғы жылдары 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударған. Алайда солардың 140-ы қайта көшіп кеткен.

«2020 жылдың маусымына дейін келісімшарт бойынша қоныс аударушылар өңірде 1 жыл тұруы тиіс. Енді бұл мерзім биылдан бастап 5 жылға ұзартылды. Осы мерзімнен кейін ереже бойынша азаматтар отбасылық жағдайына және ауа райының жақпауына байланысты көшіп кете алады. Мұнайда қаржы қайтарылмайды. Басқа жағдайда ерікті түрде мемлекет берген субсидияларды қайтарады», - дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов.

Әр қоныс аударушыға 70 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Баспана жалдау үшін бір жыл бойы ай сайын 87 мың теңге беріледі.

СҚО әкімінің кеңесшісі Әбдіғани Бәзілханұлының айтуынша, бағдарламаны жетілдіретін тұстары көп.

«Көшіп келгендерге мемлекеттен жақсы көмек бар. Алайда келісімде көрсетілген мерзім аяқталған соң, олар кетіп қалады. Жалпы бұл – өте қажет бағдарлама. Мұнда үлкен саясат жатыр. Қоныс аударушылар «ақша алып, жағдайымды жақсартамын» деп емес, «осы жердің иесі боламын, пайдамды тигіземін» деген ұғыммен келуі керек. Бір байқағаным, көбіне жұмысқа орналаса алмағандар кетіп жатыр. Жалпы бағдарламаның олқылықтар көп. Мәселен үйді сатып алу құқығы бар, салу құқығы жоқ», - дейді Әбдіғани Бәзілханұлы.


Соңғы жаңалықтар