СҚО-ға Pfizer вакцинасы жеткізілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына Pfizer вакцинасының 33 мың данасы жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, Pfizer компаниясының вакцинасымен 42 705 адамға екпе жасау жоспарланған. Бұл препарат та екі кезеңмен егіледі, 21-28 күннен кейін екінші дозасын алу қажет. Бірінші кезеңде үш санатқа жататын адамдар бұл екпені алады. Олар 16-18 жастағы жасөспірімдер, жүктіліктің 16-дан 37 аптасына дейінгі аралықтағы жүкті әйелдерге, бала емізетін әйелдерге екпе егу басталады. Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасы жазба түрдегі келісімнен кейін ғана қойылады.

«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасы білім басқармасының көмегімен ата-аналардың, балалардың заңды өкілдерінің, жүкті және емшектегі баласы бар әйелдердің вакцинацияға көзқарасын біліп жатыр. Қарсы еместердің тізімі жасалады. Әр емханада осы санатқа жататындарға арналған бөлек екпе пункті құрылады. Сондай-ақ мектептерге көшпелі екпе пункттері барады», - дейді Нұрлан Айманов.

СҚО-ға 11 қараша күні Pfizer компаниясының 33 мың дана вакцинасы жеткізілді. Бірер күнде екпе жұмыстары басталмақ.

Қазіргі уақытта өңірде 14 бала стационарда, 158 бала амбулаторлық ем алып жатыр. Ал биылдыққа 646 жүкті әйел вирусты жұқтырып, ем алған. 38 жағдайда болашақ ананың өмірін сақтап қалу үшін жүктілікті ерте кезеңде тоқтатуға тура келген. Өкінішке орай дәрігерлер үш сәбидің өмірін сақтай алмады. Қазіргі кезде 15 жүкті әйел стационарда ем қабылдап жатыр, 12-сі дәрігерлердің бақылауына алынған.


Соңғы жаңалықтар