СҚО-ға келген 15 дәрігерге 2,5 млн теңгеден көтермеақы берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына биыл 38 дәрігер келсе, солардың 23-і өздеріне тиесілі 1,5 млн және 2,5 млн теңгеден көтермеақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да дәрігерлер жетіспеушілігін жою мақсатында жергілікті бюджеттен көтермеақы қарастырылған. Петропавлда қалып істейтіндерге 1,5 млн теңге, ауылға баратындарға 2,5 млн теңге беріледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, емдеу мекемелері жыл басынан бері 38 дәрігерді қабылдады.

«Өңірге келген 38 дәрігердің 15-і көтермеақы алу үшін құжаттарын реттеп жатыр, қалған 23-іне төлем жасалды. Оның 8-іне 1,5 млн теңгеден берілді. Қалған 15 дәрігер 2,5 млн теңгеден алды. Сонымен қатар, олардың жалға алған пәтері ақысының 50%-ы төленеді. Оңтүстік өңірлерден келгендер көші-қон бағдарламасына да қатыса алады. Ал, елді мекендерге баратын дәрігерлер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы бөлек көтермеақы ала алады», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Жұмысқа қабылданғандардың арасында жоғары оқу орынның биылғы түлектері де бар. Солардың бірі – Мұхаммадали Бабаханов Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін бітірген. Жалпы тәжірибе дәрігері №2 қалалық емханаға жұмысқа орналасты.

«Менің учаскемде 1,5 мыңнан астам адам бар. Қазір тұрғындар негізінен тыныс алу жүйесі ауруларымен қаралады. ЖРВИ-мен келетіндер бар. Жастарына қарай скринингтерге жібереміз», - дейді ол.

Өңірде қазіргі уақытта 300-ге жуық дәрігер жетіспейді. Негізінен емдеу мекемелеріне терапевт, хирург, акушер-гинеколог және реанимотолог керек. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті биліктің қолдауымен резидентурада мамандар даярланып жатыр. Олардың 58-і жыл соңына дейін оқуын аяқтап, жұмысқа кіріспек.


Соңғы жаңалықтар