СҚО-ға қажетті 77 дәрігер бюджет есебінен оқытылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында биыл алғаш рет 77 дәрігерді резидентурада оқытуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да 10 айды қорытындылаған әкімдік отырысы өтті. Өңірдің денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бар. Биылғы 10 айда ана өлімі тіркелген жоқ. Бала өлімі 20 пайызға қысқарды. 11 пайызға қан айналымы ауруларынан өлім көрсеткіші азайған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл 3,8 млрд теңгеге медициналық қондырғылар жаңғыртылуда. Жыл соңына дейін облыстық ауруханаға 549 млн теңге тұратын МРТ аппараты келеді. Жаңа ангиограф та алынады.

«Аудандық ауруханаларға 4 маммограф алынады. Онкологиялық орталыққа цифрлық маммограф қойылды, ол обырды бастапқы кезеңде анықтайды. Жыл соңына дейін 13 реанимобиль келеді», - деді аймақ әкімі Құмар Ақсақалов.

Кадр тапшылығы мәселесі де шешіліп жатыр. Биыл облыс 98 дәрігерді қабылдады. Былтыр 56 маман келген еді. Нәтижесінде кадр тапшылығын 220-ға дейін азайтуға мүмкін болды.

Жыл басынан келген 53 дәрігерге 1,5 млн теңгеден жалпы сомасы 79,5 млн теңге көтермеақы берілді. Өңірге аса қажет 77 маманды резидентурада оқытып шығару үшін облыс бюджетінен 40,4 млн теңге бөлінді.

Соңғы жаңалықтар