СҚО-ға биыл оңтүстік өңірлерден шамамен 2,5 мың адам көшіп келеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына былтыр еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен 1 800-ге жуық адам қоныс аударса, соның 96% жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өткен жылды қорытындылады.

Басқарма басшысы Алмаз Қошмановтың айтуынша, былтыр өңірде 30 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Оның 13 мыңы жаңадан ашылған.

«Былтыр өңірде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына облыстың шамамен 24 мың тұрғыны қатысты. 542 жұмыссыз адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқытылды. 938 адам «Бастау бизнес» курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздерімен танысты. Өз ісін ашуға ниет еткендерге 3 млрд 671 млн теңгеге 2 295 несие мен грант берілді», - дейді Алмаз Қошманов.

2021 жылы ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасында жасалған меморандум аясында СҚО-да 26 мың адамды жұмысқа орналастыру және 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.

Өңірдегі мамандарға деген қажеттіліктің орнын толтыру мақсатында биыл да облыста еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен азаматтарды қабылдау жұмыстары жалғасады.

Былтыр СҚО негізінен оңтүстік өңірлерден 590 отбасы, яғни 1765 адамды қабылдады.

Оның басым бөлігі жұмыс күшіне айтарлықтай сұраныс бар ауылдық жерге көшірілді.

Еңбекке қабілетті азаматтардың шамамен 96 %-ы жұмыспен қамтылған. Биыл облыс шамамен 2,5 мың адамды қабылдауды жоспарлап отыр.

«Аз қамтылған отбасылар да үнемі назарда. Былтыр 2485 отбасына, оның ішінде 6743 балаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. 1-6 жасқа дейінгі балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама өткен жылдың қорытындысы бойынша 2552 бүлдіршінге берілді. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 8 300 адамды немесе 1851 аз қамтылған отбасыны, кепілді әлеуметтік пакетпен 2233 баланы қамту жоспарланған», - дейді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта облыста 26 мыңнан астам мүгедек адам есепте тұр.

2021 жылдан бастап қызметтер мен құралдармен қамтамасыз ету әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ғана жүргізіледі, ол арқылы 8 мыңнан астам тапсырысты қамту жоспарланып отыр.

«Төтенше жағдай және карантин күшейтілген кезде уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға 42 500 теңгеден 158 мың төлем жасалды. Азық-түлік-тұрмыстық жиынтығын сатып алу үшін 35 125 адамға 2 АЕК мөлшерінде төлем жүргізілді. «Біз біргеміз» науқаны аясында 23 761 адам 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек алды», - дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов.


Соңғы жаңалықтар