СҚО-ға биыл алыс-жақын шетелдерден 20 мың тонна элиталық тұқым жеткізілмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл элиталық тұқым көрсеткішін 9,2 %-ға жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта алыс-жақын шетелден 20 мың тонна тұқым сатып алынбақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, былтыр көктемде диқандар 45,9 мың тонна элиталық тұқым қолданған. Нәтижесінде бүгінгі күні сорт жаңарту көрсеткіші 9 %-ды құраған, биыл оны 9,2 %-ға дейін жеткізу жоспарда бар, ол үшін жақын және алыс шетелдерден 20 мың тоннадан астам элита тұқымы әкелінбек.

Өңірде аттестатталған 30-ға жуық тұқым шаруашылығы бар. Олар 28 мың тонна дақыл дайындайды. Бұдан басқа былтыр сапалы тұқымның 13,5 мың тоннасы Ресейден, 4,4 мың тоннасы еліміздің басқа облыстарынан және 100 тонна тұқым Италия, Франция, Польшадан әкелінді.

Облысқа егіс науқанына 453,7 мың тонна тұқым қажет. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқымдық дақылмен толық көлемде қамтамасыз етілді.

Жалпы өңірдің тұқым өндірушілері сату және өз қажеттіліктері үшін 105,6 мың тонна тұқым дайындады, оның ішінде: 0,5 мың тонна - бірегей тұқым, 4,3 мың тоннасы - суперэлиталық тұқым, 17 мың тоннасы - элиталық тұқым, 45,8 мың тонна - бірінші репродукциялық, 24 мың тонна - екінші репродукциялық болса, қалғаны үшінші репродукциялық тұқым. Бүгінге дейін сараптамаға 392 мың тонна тұқым түсіп, оның 98 %-ы тексерілді.

Былтыр СҚО-да «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС жылына 60 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіретін зауытты іске қосты. Ол еліміздегі осындай ауқымдағы әзірге алғашқы кәсіпорын. Мамандардың айтуынша, зауытты іске қосу жоғары сапалы, кондициялы тұқым өндірісін едәуір жақсартады және бәсекеге қабілеттілікті арттырмақ.


Соңғы жаңалықтар