СҚО-ға «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 190 квота бөлінді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сәби сүйе алмай жүрген отбасыларға биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 190 квота бөлінді. Жалпы үш жылда өңірде экстракорпоральды ұрықтандыру жолымен өмірге 125 сәби дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО көпсалалы аурухана перинаталдық орталық баспасөз қызметінің мәліметінше, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл өңірге 190 квота бөлінген. Бұл - былтырғыдан 20 квотаға аз. Қазіргі уақытта болашақ ата-аналар тексеруден өтіп, құжаттары жиналып жатыр.

Перинаталдық орталықтың бұл бағдарламаға қатысқанына үшінші жыл. 2021 жылы 217 квота бөлініп, соның 90 % астамы пайдаланылды. Осы аралықта жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде дәрігерлер 125 әйелді босандырып алды. Өмірге 16 егіздер келді.

Дәрігерлердің айтуынша, ЭКО процедурасын негізінен жасы 30-дан асқан келіншектер алған.

Өңірде бедеулік мәселесі өткір тұр. Мамандар 700-ден астам отбасыны репродуктивті қызметі бұзылуына байланысты есепке алған.

Жалпы былтыр СҚО перинаталдық орталығы 6,5 мыңнан артық пациентті қабылдап, 4,5 мыңға жуық келіншекті босандырды. Соның 1150-де кесарь тілігі қолданылған. Өмірге 65 егіздер келді.


Соңғы жаңалықтар