СҚО фермасында малдың неліктен қырылғаны анықталды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат-Солтүстік Қазақстан облысында Тимирязев ауданындағы фермада малдың неліктен қырылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың мәліметінше, Нұр-Сұлтанның Ветеринария референттік орталығына жіберілген сынамаларды зерттеу нәтижесі инфекциялық ринотрахеитті көрсеткен.

Осы мәліметтер негізінде мамандар диагноз қойып, ауру малды емдейді.

«Фермерлік шаруашылықтағы жағдай тұрақтанды. Малға ем қонып жатыр. Содан кейін мал қырылу фактілері тіркелген жоқ. Ветеринарлық-санитариялық қағидалардың талаптары бойынша шаруашылыққа шектеу қойылады. Дезинфекция шаралары, сау малды вакцинациялау, ауру малды емдеу жүргізіледі. Шектеу соңғы ауру жануар жазылғаннан кейін 30 күннен соң жойылады. Осы кезеңде жануарларды, олардан алынатын шикізатты, азықтарды әкетуге және әкелуге тыйым салынады», - деп түсіндірді Б.Әлжанов.

Оның айтуынша, ринотрахеит бюджеттен өтемақы қарастырылған мал ауруларының тізіміне кірмейді.

Еске сала кетейік, Тимирязев ауданындағы фермада 15 бас мал қырылып, 80-ге жуығы ауыруға шалдыққан еді.


Соңғы жаңалықтар