СҚО фермаларының бірінде Өзбекстанның 14 азаматы заңсыз жұмыс істеп келген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алты күн ішінде 20 шетелдік Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 10-17 наурыз аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Облыстың тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, еңбек көші-қон мәселелерін назарға алды. Өңірге негізінен жұмыс істеуге Орталық Азия елдерінің азаматтары келеді. Алайда олардың біздің елде жұмысқа орналасуының өз тәртібі бар. Мәселен Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан азаматтарына тек жеке тұлғаларда еңбек етуге болады, бір жұмыс берушіде шетелдік саны 5-ден аспауы тиіс. Бірақ кей жұмыс берушілер заңнаманың аталған нормасын елемейді.

Тексеріс барысында Ақжар ауданындағы фермерлік шаруашылықтардың бірінде тиісті рұқсатсыз Өзбекстанның 14 азаматының жұмыс істеп жатқаны анықталды. ҚР аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін оларға қатысты әкімшілік материал жиналды. Шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланғаны үшін фермер әкімшілік жауапқа тартылды.

«Облыс аумағында «Мигрант» операциясы аясында тексерістер шаруашылықтарда, құрылыс алаңдарында, базарларда және өзге мемлекет азаматтары жұмысқа жиі орналасады деген орындарда жүргізіліп жатыр. Көші-қон легіне бақылау жасау – құқықтық тәтіпті нығайту бойынша жұмыстың маңызды векторы», - дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Жедел-профилактикалық іс-шараның алты күні ішінде шетелдік еңбек күшін заңсыз тартқаны үшін 18 қазақстандық жауапқа тартылды. ҚР аумағында болу тәртібінің түрлі заң бұзушылықтары үшін 201 шетелдік жауапқа тартылды. Мысалы, Түркияның 8 тұрғыны елде болу мерзімнің өтіп кетуіне қарамастан, ҚР тыс жерге шығуға асықпаған. Сот шешімі бойынша ҚР көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін 20 шетелдік елімізден шығарылды.


Соңғы жаңалықтар