СҚО елді мекендерін су басу қаупі азайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына биыл ерте келген көктем арнайы қызметтердің жұмысын аздап болсын жеңілдетті. Бұған дейін 92 елді мекен су басу қаупі жоғары аумақтардың қатарында болса, бүгінде кейбіріне келер қатер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктемгі су тасқыны ахуалы жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, өңірде көктемде су басу қаупі жоғары 92 елді мекен бар. Оның 41-і еріген қар суынан, ал 36-сы шағын өзендердің және Есіл өзенінің арнасынан шығуынан, 15-і көлдердің суға толуынан зардап шегуі мүмкін.

«Бұл елді мекендердің көпшілігінен су басу қаупі алынды. Мамандардың болжамы бойынша, Сергеев су қоймасының бөгетінен 2 метрге дейін су асып төгілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қызылжар ауданындағы Прибрежное, Есіл ауданындағы Заречный секілді 18 елді мекен зардап шегуі ықтимал. Ақмола облысындағы Жабай және Колутон өзендерінен әзірше қанша су келетіні белгісіз. Биыл көрші өңірде де қар молынан жауды, су қоры жеткілікті. Біз қандай жағдай болмасын дайын отыруымыз керек», - дейді Рамиль Камалов.

Облыстың Ғ. Мүсірепов, Тимирязев аудандарында жолдарды су шаю деректері бар. Бірақ айналма жолдардың болуынан, елді мекендер арасында байланыс үзілген жоқ. Мамандардың айтуынша, өзендерде су деңгейі күнделікті көтеріліп жатқанымен, әзірше бір үйге де су кірген жоқ.


Соңғы жаңалықтар